Балабақша – баланың «жаңа өмірге» деген алғашқы қадамы, себебі енді анасы тәулігіне 24 сағат бойы қасында болмайды және мұнда оны күткен өзі құралпылас балалардан, бала күтушілер мен тәрбиешілерден тұратын үлкен жаңа ұжым бар. Балабақшаға бейімделу кезеңі әр балада әр алуан сипатта өтеді. Қалай болғанда да, ата-анасынан 6-8 сағатқа ажыраудың өзі балаға ғана қиын емес, оның анасы үшін де күйзелісті жағдай.
Тәрбиешілер қаншалықты қамқор болса да, олардың ешқайсысы ана махаббаты мен оның айрықша ықыласына бөлендіре алмайды, себебі тәрбиешілер «екінші ата-ана» әрі орта есеппен 15-25 балаға ортақ. Кез келген ана мұны жақсы түсінеді, әйтсе де баланы өмір бойы жаныңда ұстау мүмкін емес, өйткені ол өмірдің жаңа сатыларымен танысып, жаңа дағдылар, өмірлік тәжірибе жинақтауы тиіс.